CaspianLife, 20 наурыз — Мақатта газ өңдеу зауытын салып жатқан мердігер ең алдымен аудан халқын жұмыспен қамту керек. «Аманат» партиясының облыстық филиалында өткен жиын барысында осындай мәселе көтерілді, деп хабарлайды CaspianLife.
Болашақта ел қазынасына миллиардтаған қаржы құйып, экономикалық көрсеткіштердің артуына үлесін қосады деп жоспарланып отырған газ өңдеу зауыты жұмыссыздық мәселесін шешуге де ықпал ету керек деген пікірде қоғам белсенділері.
«Осы мәселені 2019 дан бері көтеріліп келе жатырмын. 20 желтоқсанда халықтың сыртынан сол кездегі аудан әкімі Шәкір Кейкин қоғамдық тыңдау ұйымдастырды. Қоғамдық тыңдауда талаптар, халықтың ұсыныстары бекітілді. Қазір сол талаптар орындалмағаннан кейін халық 2022 ге дейін қаңтар оқиғасына дейін зауыт басталып кетті. Бірақ, Мақат халқы жұмысқа кірген жоқ+02:02 Не аудан әкіміне бағынбайды, не облыс әкіміне бағынбайды, не «Аманатқа» бағынбайды?» — деді Мақат ауданының тұрғыны Ғазиз Ғабдуллин.
Жоба өкілінің айтуынша, осы уақытқа дейін зауыт құрылысына жұмылдырылған 280 адамның 57-сі мақаттық. Бірақ, дәл қазір жұмыс тоқтап тұр. Өйткені мердігер жоқ. Жаңасы табылып, ол іске кіріскенше кем дегенде 6 ай қажет. Қажетті мамандар сол кезде ғана қабылданады.
«Жергілікті тұрғындарды бірінші кезекте жұмыспен қамтуға сөз береміз. Барымызды саламыз. Договорға қол қоямыз. Бірақ, оның ішінде қанша адам, 2 мың адам ішінде қаншасы дәл Мақаттан, қаншасы Атыраудан болатынын айта алмаймын» — деді GPC Investment ЖШС директорының бірінші орынбасары Нұрболат Шүленбаев.
Газ өңдеу зауыты Атырау қаласы мен Мақат ауданының ортасында, нақтырақ айтқанда Қарабатан зауытынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Болашақта зауыт тауарлық, сұйытылған газ, күкірт және газ конденсатын өндіреді деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде газ өндіру көлемі ұлғайып және Қашаған теңіз кен орны толық игерілмек. «Аманат» партиясының мүшелері зауытқа қатысты мәселелерді алдағы уақытта Мақат кенті мен зауыт басына барып талқылаймыз деп отыр.
Фото: Arasha.kz