CaspianLife, 18 наурыз — Атыраулық бишілер Түркістан қаласында өткен халықаралық Turkestan Fest көпжанрлы өнер байқауында топ жарып, биіктен көрінді, деп хабарлайды CaspianLife.
Томарлық ауылдық мәдениет үйінің «Гүлдер» тобы 4 би билеп, қазылар алқасынан жоғары баға алыпты. 13 қыздан құралған ортаңғы топ бишілері мен жетекшіні олардың Атыраудағы жанашырлары, бишілердің ата-аналары күтіп алды.
«Бас жүлдені үнді халқының биімен, бірінші орын орыс халқы биімен, үшінші орын гимнастика және қазақ биімен алдық. Енді жас ерекшелігі 9-13 жас аралығы.» — деді «Гүлдер» би тобының жетекшісі Гүлжайна Сағынғалиқызы.
«Өзіміз мақсат қойдық алдымызға бас жүлдені алып келеміз деп. Бас жүлдені алып келе жатырмыз. Жарыс жақсы өтті. Өзімнің жетекішіме, осылай биік сахналарды көрсетіп жүрген ата-аналарға көп рақмет айтамын» — деді «Гүлдер» би тобының мүшесі Әсел Аманжолқызы.
«Гүлдер» тобы осы айдың аяғында Шымкент қаласына жол тартпақ. Ол жақта өтетін өнер додасына 6 бимен бармақшы. Түркістанда көпті таңқалдырған атыраулық өнерпаздардың арасында «Ботагөз» және «Айшабибі» би топтары да бар. Олар да бұл жарыстан құр алақан келген жоқ.
«Оқушылар орталығынан кіші топ, орта топ барды. Біреу гранпри алды, біреуі бірінші орын алды. Құрманғазы атындағы мәдениет үйінен «Айшабибі» ансамблі барды. 3 группа өз өнерлерін көрсетіп жақсы деген деңгейде орын алып келе жатырмыз. Қазақ биін көрсетті, ковбой биін көрсетті. Қыздарым өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Өте ризамын балаларыма» — деді «Ботагөз» би тобының жетекшісі Гүлнәр Қаракөзова.
Жалпы оңтүстікте болған өнер жарысына 35 би тобы қатысқан.