CaspianLife, 14 сәуір — Атыраулық теннисшілер біріншілікте үздік шықты, деп хабарлайды Caspian Life.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің дерегінше, пара үстел теннисінен Гүлнар Иманалиева бастаған облыс спортшылары жалпы командалық есепте 9 алтын, 7 күміс, 4 қола жүлдемен бірінші орынға ие болды.
Пара үстел теннисінен тірек-қимыл аппараты зақымданған жастар арасында ҚР чемпионаты Павлодар қаласында 7-12 сәуір аралығынды өтті. Додаға 11 облыстан келген 47 спортшы қатысты. Атыраулық 8 спортшы жекелей, жұптық, аралас жұптық сын бойынша шеберлік байқасты.
Жекелей сында Жұлдыз Ерубаева, Али Махулбеков, Маханбет Насихан чемпион атанса, Нұрқожа Қадырбек, Айнамкөз Мақсатқызы, Ақселеу Жұмаш күміс жүлде жеңіп алды. Ал, Тоққожа Қадырбек пен Ақмөлдір Тлеукулова үздік үштікті түйіндеді.
Жұптық сында Тоққожа Қадырбек пен Нұрқожа Қадырбек, Али Махулбеков пен Маханбет Насихат ақтөбелік спортшымен бірге, Ақселеу Жұмаш пен Ақмөлдір Тлеукулова Астана қаласының спортшысымен ойнап үздік шықты. Ал Жұлдыз Ерубаева мен Айнамкөз Мақсатқызы қола жүлдені қанағат тұтты.
Аралас жұптық сында Али Махулбеков, Жұлдыз Ерубаева жұбы күміс жүлдегер атанса, Маханбет Насихат, Айнамкөз Мақсатқызы жұбы қола жүлде қанжығаларына байлады.
Айта кетейік, қазіргі таңда ҚР ұлттық құрама сапына 15 спортшы бар. Оған қоса келесі жылы тағы 8 спортшы бекітелетін болады.