CaspianLife, 13 сәуір — Ақтауда мейрамханаға ауызашарға барған дәрігерлер уланып қалды. Ауруханаға келген 50-ден астам адамның 16-сы жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды, деп хабарлайды Caspian Life.
Барлығының дене қызуы көтеріліп, іші өткен. Құсқан. Емдеуші дәрігерлердің сөзінше, науқастарға қажетті көмек көрсетіліп, бактериологиялық сынама алынған. Болжамды диагноз – жіті жұқпалы инфекция және орта дәрежелі жіті гастроэнтерит.
«Ас мәзірі бойынша жасымық көжесі, тәтті тоқаш, палау және шайберілген. Науқастардың сөзінше дастархандағы тағамнан күдіктенетіндей себеп болмапты. Бір уақытта бірнеше адамның ауырғаны – ауру ошағының бір жер екенін көрсетеді», — деді Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлімше меңгерушісі Гүлбану Нұржанова.
Астан уланғандардың бірі — пульмонолог дәрігер Индира Атжанова ауызашарға қала және аудандардан 50 дәрігердің келгенін айтады. Тамақанған соң бірнеше адам өзін жайсыз сезіне бастапты. Зардап шеккендердің сотқа арыз-шағым түсірген-түсірмегені белгісіз. Мейрамхана эпидемиологтар тексеріс жұмыстарын аяқтағанша жабық болмақ. Ал пациенттер алдағы 4-5 күн бойы ем-дом алады.