CaspianLife, 12 сәуір — Атырау облысының экс-әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов үкіметтен кезінде өзінің бастамасымен ашылған жүн өңдеу фабрикасына қолдау көрсетуді сұрады, деп хабарлайды Caspian Life.
Қазір мәжіліс депутатының креслосына жайғасқан ол теміржол, балабақша, аурухана, мектеп-интернаттар, демалыс орындары шетелде жасалған бағасы да, сапасы да төмен синтетикалық жамылғыны тендер арқылы сатып алуға мәжбүр дейді. Сондықтан тендердің кейбір талабы өзгертілсе деген ұсыныс айтты.
«Сатып алу шартында денсаулыққа пайдалы экологиялық табиғи материалдан жасалған болу керек екені көрсетілсе, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін ғана сатып алған болар еді. Әрі сапасы да жоғары. Елімізде мал жүнін пайдалану аса маңызды екенін ескере отырып, мемлекеттік сатып алу заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде отандық өнімді қолдайтын осындай ұсыныстарды ескеруді сұраймын», — деді қазіргі ҚР Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Мандат иесінің меңзеп отырғаны 2015 жылы ашылған Caspiy Lana Atyrau жүн өңдеу фабрикасы. Мекеме жылына 500 тонна жүн өңдеп, 400 мың метр мата шығаруға қауқарлы. Бірақ, шикізаттың тапшылығы мен сұраныстың жоқтығы себепті өндіріс орны тек 10%-ға жұмыс істеп тұр. Енді жұмысқа жан бітіру үшін үкіметтен қолдау қажет. Ал облыстағы басшылар кәсіпорынды салуға 1,6 миллиард теңге бөлінгенін айтып, қалған жұмыс кәсіпкердің мойнында деп отыр. Бірақ, біз де инвестор іздеп жатырмыз дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасындағылар.