CaspianLife, 11 сәуір — «АМӨЗ» ЖШС-нен білікті мамандар кетіп жатыр. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайызға жеткен. Дәл қазіргі мезетте компания үшін бұл – ең өзекті мәселе болып отыр, деп хабарлайды Caspian Life.
Журналистермен кездескен зауыт басшысы Мұрат Досмұратов осылай деді. Оның сөзінше, кәсіпорында білікті кадр жетіспейді. Себебі тәжірибелі маманадар жоғары жалақы ұсынатын өзге мұнай компанияларына кетіп жатыр. Ал ЖОО бітіріп келген түлектердің білімі көңіл көншітпейді. Оларды жұмысқа алған соң қайта даярлықтан өткізу керек. Осы мәселені шешу үшін зауыт басшылығы биыл арнайы бағдарлама жасақтап, 100 стажерді оқытуды жоспарлап отыр.
«Біздегі білікті кадр тапшылығына жалақы себеп болып отыр. Өйткені өзге мұнай обьектілеріндегідей айлықты көп төлей алмаймыз. Мысалы олардың ұсынған жалақысы 1,5 немесе 2 есеге көп. Өкініштісі сол ең білікті мамандарымыз — бас энергетик, аға операторымыз кетіп қалды», — дейді «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Мұрат Досмұратов.
Сондай-ақ, кәсіпорын басшысы жуықта болған зауыттағы апаттық жағдайға 15 жылдық тәжірибесі бар оператор себепкер екенін растады. Қазір ол жұмыстан уақытша шеттетіліпті. Анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал министрліктің зауыт туралы соңғы мәлімдемесіне кәсіпорын басшылығы «бұл алдын ала айтылған пікір ғана» деп қайырды. Естеріңізге салайық, экология министрлігі «Атырау мұнай өңдеу зауытындағы» экологиялық көрсеткіштердің көңіл көншітпейтіндігін мәлімдеген еді.
Автор: Жарқынай Қанатова