CaspianLife, 10 сәуір — Атырау ауасының құрамындағы күкіртті сутегі шекті нормадан бірнеше есе артқан, деп хабарлайды Caspian Life.
Мысалы «Шағала» ықшам ауданындағы станса өткен тәулікте бір текше метрдегі күкіртті сутегінің мөлшері 22,6 мкг екендігін анықтапты. Бұл — нормадан 20 есе көп. Мәлімет ЭЙР.кз қосымшасынан алынды. Бірақ жергілікті экологтар ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын айтады.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауа сапасын 34 станса бақылайды. Оның ішінде «Қазгидрометтің» балансында – 11, Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі – 4, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» компаниясының иелігінде 19 станса бар. «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі Атырауда ауа сапасының күн сайын нашарлайтынын айтады. Бұған қолайсыз метеорологиялық жағдай, атап айтқанда атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды заттардың шоғырлануына қысқа мерзімді метеофакторлар әсер етеді. Оның ішінде тымық ауа райы, баяу жел, тұман бар. Мамандардың пікіріне сүйенсек, атмосфералық ауада күкіртті сутек болмауы тиіс. Егер көп мөлшерде болса адамның басын ауыртып, жүрегін айнытады.