CaspianLife, 20 наурыз — Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Бәйдуәлиев өз еркімен жұмысынан кетті, деп хабарлайды CaspianLife.
Оның қызметі өзінің орынбасары болған Қайсар Абдалиевке уақытша жүктелді.
Еске сала кетейік, Асхан Бәйдуәлиев 2020 жылдың 22 қазанында басқарма басшысы болып тағайындалды. Ол облыстың бас дәрігері болып іске кіріскен кезде коронавирустың екінші толқыны және оған қарсы вакцинация жұмыстары басталған еді. Осы уақыт ішінде жәрдем стансасының автопаркі толығып, өңірге дәрігерлерді тарту бойынша бағдарламалар қолға алынды. Өкінішке қарай, Асхан Бәйдуәлиев өңірдің бас дәрігері болып тұрған уақытта ана мен бала өлімі жиі тіркелді. Және ол басшылық еткен соңғы 2 жылдан астам уақыт ішінде аймақтағы денсаулық сақтау саласының күрмеулі мәселелері шешілді деп айту қиын. Жөндеуді қажет ететін медициналық мекемелер, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мен маман тапшылығы сынды өзекті проблемаларды шешу жұмысы енді келетін жаңа басшының алдына қойылатын негізгі міндет болып қалып отыр.