CaspianLife, 22 ақпан — Бірнеше мың адамның өмірін қиған Сириядағы жер сілкінісі жайлы ақпарат өте аз. Зілзала азамат соғысының ошағына айналған Сирияның жағдайын одан сайын қиындата түсті, деп хабарлайды CaspianLife.
Соңғы мәліметтер бойынша, Сирияда қаза тапқандар саны қазірдің өзінде 8 мыңға жақындады, 45 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін.
Құтқару операциясы аяқталғанымен, әлі де үйінді астында адамдар қалған. Адамдар саябақтағы орындықтарда түнейді. Түнде адамдар отқа жылынып, қолда бар жамылғылардың бәрін жауып жатады. Қазір аман қалған адамдар қираған үйлерден аман қалған мүліктерін, кейбір жиһаздарын алып шығуға тырысуда. Олар ғимараттың кез келген сәтте құлап кету қаупіне қарамастан жарамды дүниелерді алып қалуға тырысып жатыр.
Миллионға жуық халқы бар Алеппо қаласында 10 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. Жер сілкінісі салдарынан 600-ден астам үй толығымен қирап қалды.