CaspianLife, 25 қаңтар — Атырау қаласының әкімдігі «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтініш қабылдауды бастады, деп хабарлайды CaspianLife.
Қалалықтар биыл да көгалдандыру, жарықтандыру, ойын мен футбол алаңдарын салу сынды 7 бағыт бойынша өз жобаларын ұсына алады. Ол үшін өздеріне қажетті объектінің жобасын әзірлеп, оған кететін қаржының көлемін көрсетіп, арнайы порталға тіркеуі тиіс. Өтінішті сараптамалық кеңес қарап, бір шешімге келеді. Кейін мақұлданған жобаны іске асыру үшін ашық электронды порталда конкурс жарияланып, мердігер мекеме анықталады.
«Әрбір тұрғын жеке тұлға мекен-жайына байланысты салғысы келсе, мысалы, ойын алаңын салғысы келсе шығындарын есептейтін смета дейді ғой, сметасы порталға салу арқылы және дейінгі/кейінгі фотоларын салу арқылы жүзеге асырылады. Атырау.гов. Порталында жүзеге асырылады. Кейін тұрғындар дауыс береді. 10 дауыстан асса бұл жолы келесі жылы іске асырылады. Осы жылға 15 мың МРП-ға дейін көбейтілді. Бұрын бізде 10 мың МРП-ға дейін болды. Қазір МРП-ның өсуіне байланысты 51 миллион 750 мыңға дейін сумма болуы тиіс» — деді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Рамиль Халауетдинов.
Биыл қабылданған жобалар келер жылы жүзеге аспақ. Ал былтыр қолдау тапқан 7 жоба биыл іске асады деп жоспарланып отыр. Нақтырақ айтқанда, осы жылы 2 спорттық-жаттығу, 3 футбол және балаларға арналған 2 ойын алаңы салынуы тиіс. Бұл жұмыстар үшін бюджеттен 142 миллион теңге қарастырылған.