CaspianLife, 15 желтоқсан — Атырауда белгілі меценат, қоғам қайраткері Маруся Асаубаева атындағы креатив орталығы ашылды, деп хабарлайды Caspian Life.
Салтанатты іс шараға Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің оқытушылары мен студенттері және сала ардагерлері куә болды.
Орталықта кітапхана, open space пен компьютерлік бөлмелер, 650 орындық конференц зал орналасқан. Бұл жер студенттер мен оқушылардың бос уақытын тиімді өткізетін орынға айналмақ. Олар орталыққа тегін кіре алады. Айтпақшы шетелдік кітапханалардың сандық қорына да осы жерден табуға болады.
«Мұндай орталықтар студенттерге көп пайдасын тигізеді. Бір жағынан демалыс орны, екінші жағынан белсенді білім алушылардың жиналатын орнына айналады», — дейді студенттердің бірі Шыңғыс Алшынов.
Үш қабаттан тұратын нысанның жалпы ауданы 2600 шаршы метр. Болашақта дәл осы ғимаратта республикалық жиындар мен мерекелік іс шараларды ұйымдастыру жоспарланған.
«Орталық болашақта еліміздің энергетика және цифрландыру саласын одан әрі дамытуға үлес қосады деген сенімдеміз. Университет ұжымының жұмысына, бастамаларына сәттілік тілеймін», — деді Маруся Асаубаева қорының өкілі Елжан Асаубаев.
Маруся Асаубаева – британ жария компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі болған тұңғыш қазақстандық әйел. Ұзақ жылдар балалар үйлеріне қолдау көрсетіп, қайрымдылықпен айналысты. Көпбалалы және жалғызбасты аналарды кәсіпке баулып, жан-жақты қолдау көрсетті. 2015 жылы 66 жасында дүниеден озды.