CaspianLife, 7 желтоқсан — Биыл Жылыойда 1600-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов мәлім етті, деп хабарлайды CaspianLife.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде «Ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша 10 ай қорытындысына сәйкес жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 4177 жұмыссыз тіркеліп, 1574-і жұмыспен қамтылған.
«Оның 942-і тұрақты, 632-і уақытша жұмыспен қамтылды. Бағдарлама шеңберінде әлеуметтік жұмыс орнына 51 адам, жастар тәжірибесіне 176 түлек, ақылы қоғамдық жұмысқа 364, алғашқы жұмыс орнына 35, ұрпақтар келісім шарты бойынша 6 адам жолданды.
Сонымен қатар, Теңіз кенішіндегі Келешек кеңею жобасының үшінші буын зауытының құрылыс жұмыстары азаюына байланысты 793 адам жұмыстан босатылған. Оның ішінен жұмыс іздеп хабарласқандар саны 439. Хабарласқандардың 292-і тұрақты жұмысқа орналастырылды, қалған 147 жұмыссызға бос жұмыс орындарына түскен сұраныстарға түйіндемелері ұсынылып, жұмыспен қамту шарасы алынуда» — деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, 439 жұмыстан босатылған қызметкерге мезгілінде кәсібінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер тағайындалған.