CaspianLife, 15 қараша — Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиевке қатысты сот үкімі шықты.
Сот екі шенеунікті 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталушы Хаменованың кәмелетке толмаған 2 баласының бар екені есепке алынып, жазаны өтеу мерзімі 3 жыл кейінге шегерілді. Ал, «пара берді» деген күдікке ілінген кәсіпкер Өміртай Адамов 4 жылға сотталды. Сонымен бірге, барлық сотталушыларға өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызметтерді атқаруға тыйым салынды.
Сот аяқталғаннан кейін осы уақытқа дейін Адамов пен Рысқалиев бірден қамауға алынды. Ал, 11 айдан бері тергеу абақтысында отырған Хаменова үйіне жіберілді. Ол жазасын үш жылдан соң өтейді. Ол сот шешімінің әділетсіз екенін айтады. Сондықтан, аппеляциялық шағым түсірмек.
«Аққа құдай жақ. Бәрібір де шындық шығады. Соңына дейін күресіп, әлі аппеляциялық сот бар, жоғары сот бар, халықаралық сот бар. Бұл шындықтың жер бетіне шығады білем. Бұндайда күштілер не айтады әлсізге көрсеткен зорлығын айтады. Ал әлсіздер не айтады? Күштіден көрген зорлығын айтады.Сондықтан зорлық пен қорлықты көрсеткен маған ол адамдарға айтарым адамның сотынан құтылғанмен де, Алланың сотынан ешкімде құтыла алмайды», — деді Хаменова..
Сондай-ақ, Президентке Хаменованы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс жолданды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.