CaspianLife, 14 қараша — Атырауда Еуропа киносының фестивалі басталды. Көрермен назарына еуроодаққа мүше мемлекеттердің халықаралық кинофестивальдерде үздік танылған 6 фильмі ұсынылады.
Кинокартиналар өзіңді, тұлғалық ерекшелігіңді және күйбең тіршілік арасынан бақытты іздеу тақырыбын қозғайды. Кинофестивальдың ашылу салтанатына Еуроодақтың және Еуропа елдерінің еліміздегі елшілері қатысты.
«Еуроодақ пен Қазақстан экономикалық және сауда арқылы байланысады. Бірақ, бұл онымен шектелмеуі керек. Меніңше, мұндай фильмдер еуропалықтардың мәдениетін және өздерін тануға көмектеседі. Режиссерлер біздің аумақтағы мәселені астарлы ақиқатымен жеткізе білді. Сондықтан, бұл фестивальдың арқасында Еуропа мен Қазақстан халқының арасында экономикалық ғана емес, рухани жағынан да байланыс туындайды деп үміттенемін», — дейді Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас.
Фестивальдің шымылдығын 2018 жылы түсірілген эстониялық «Кішкентай жолдас» фильмі ашты. Кинода Таллиндегі сталиндік кезең баяндалады. Басты рөлдегі 6 жасар Лилоның анасы Сібірдегі әскерилер лагеріне жер аударылады. Анасы кетіп бара жатып қызына қайта оралатынын айтып, жақсы бала болуын өсиет етеді. Тіл алғыш қыз анасының өсиетін орындау үшін барлығын жасауға тырысады. Атыраулықтар әкесінің Лилоға деген шынайылығы мен сүйіспеншілігіне тәнті болды.
«Маған басты рөлдегі Лилоның актерлік шеберлігі қатты ұнады. Кішкентай болғанына қарамастан сол кездегі қиындықты шебер жеткізе білді. Бір отбасының басынан кешкен оқиғасы болғанымен, бір елдің тағдырын көргендей болдым. Бүлдіршіннің кіп-кішкентай иығына осынша ауыр жүкті арқалағаны сол заманның қасіреті десек те болады», — дейді көрермендердің бірі.
Фестиваль кезінде көрсетілетін кинокартиналарды «Атырау» сауда орталығындағы кинотеатрдан 16 қарашаға дейін тегін тамашалуға болады. Фильмдер субтитрмен көрсетіледі.