CaspianLife, 10 қараша — Атырауда сүт өнімдерінен алынған сынаманың 48-і белгіленген талаптарға сай келмеді. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің бас маманы Гүлжамал Джубанышева мәлімдеді.
Жыл басынан бері Атырауда сүт және сүт өнімдерінен 181 сынама алынды. Бас маманның айтуынша, 48 сынама талаптарға сәйкес келмейтін көрінеді. Олардың басым көпшілігі шет елдерден әкелінген. Анықталған бұзушылықтар бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Айта кетсек, сүт өнімдерінің қорабында өнімнің тауар белгісі, таза салмағы, құрамы, партияның нөмірі және жарамдылық мерзімі болуы тиіс. Сондай-ақ, тауарды сатып алу кезінде оның қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы керек. Аталған талаптар бұзылған жағдайда тұрғындар жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына шағымдана алады.