CaspianLife, 7 қараша — Атыраудағы Береке ықшам ауданындағы 27-ші үйдің тұрғындары жылудың жөнді берілмеген айтады. Бұл туралы Caspian News телеарнасы хабарлады.
«Үйдің іші салқын. Электронды пештің өзі 35 мың теңгеден тұрады. Ал, ПИК-ке барсақ Жылу электр орталығына барыңдар дейді. Оған барсаң кері ПИК-ке сілтейді», — дейді тұрғындардың бірі.
Атырау жылу жүйелері АҚ қызметкерлері болса, орталық желіге қосылған қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бәріне жылудың берілгенін айтады. Ал пәтерлердегі батареялардың дұрыс жылынбауы үй ішіндегі желілік ақаудан дейді олар.
«Барлық үйге нормаға сәйкес жылу беріліп отыр. Пәтерлердегі температура 20-22 градус шамасында. Біз бұл талапты сақтап отырмыз. Ал жылусыз отырғандарға келсек, үй ішіндегі желілік ақаудың кесірінен осындай мәселе туып отыр. Оны ПИК мамандары шешуі қажет. Біз оларға тапсырма бердік», — дейді «АЖЖ» АҚ вице-президенті Әлібек Темірғалиев.
Айқай-шудан соң ПИК қызметкерлері тұрғындарға ақауды жөндеуге уәде беріп, фильтрлерді тазалауға кірісіпті. Көп ұзамай тұрғындарға жылу берілетін болады.