CaspianLife, 3 қазан — Атыраулық ұстаздар төсбелгімен марапатталды деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Ұстаздар күні» мерекесіне орай өткен салтанатты жиында аймақтағы ұстаздар «Атырау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Атап айтсақ, Исатай ауданы «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі Алма Ғибаттуллина, Новобогат орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бибігүл Түлеуова және Атырау политехникалық жоғарғы колледжі директорының ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары Нұрлы Нұржанға облыс әкімі төсбелгіні табыс етті.
Мерекелік жиын барысында аймақ басшысы Серік Шәпкенов педагогтарды төл мерелерімен құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасына сәйкес «Қолайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ұстаздар мен балаларға жағдай жасау үшін қомақты қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Мектептің сырты, құрал-жабдығы жақсы болғанымен, ішін де ойлауымыз керек. Ал «іші» дегеніміз — осы отырған ұстаздар. Еліміздің болашағы адал әрі ұлтжанды ұрпақты тәрбиелейтін — мұғалім. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызға алғысымды білдіремін. Әр баланы тұлға етіп тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз өлшеусіз», — деді Серік Шәпкенов.