CaspianLife, 30 қыркүйек — Исатай ауданындағы дәрігерлік амбулаторияларға жөндеу жұмыстары жүргізілуде деп мәлімдеді аудандық аурухана басшысының уақытша міндетін атқарушы Жеңісбек Абежанов.
Тұщықұдық пен Қамысқалада орналасқан медициналық мекемелерді “Иман” ЖШС жөндеуде. Жұмыстар маусым айында басталған. Қазіргі таңда 80%-ы аяқталды.
Айта кетелік, Қамысқаладағы дәрігерлік амбулатория осыдан 56 жыл бұрын қолданысқа берілген еді. Көлемі 724,23 шаршы метр болатын медициналық мекемеге 4 мыңнан астам адам тіркелген. Ал, Тұщықұдықтағы дәрігерлік амбулатория 21 жыл бұрын жұмысын бастады. Онда 5 мыңнан астам тұрғын медициналық қызмет алады.
«Дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Осы жылдың ІV тоқсанында халық игілігіне беру жоспарланып отыр», — дейді Жеңісбек Абежанов.
Сондай-ақ, осындай күрделі жөндеу жұмыстары Зинеден ауылдық фельдшерлік пунктінде де жақын уақытта басталмақ.