CaspianLife, 27 қыркүйек — Атырауда жарты тоннаға жуық балық тәркіленді деп хабарлайды облыстық ПД-нің баспасөз қызметі.
«Бекіре-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасының күзгі кезеңіндегі 17 күн ішінде 102 құқық бұзу дерегі тіркелді. Құқық бұзушыларды анықтауға ергілікті полиция, тергеу, криминалдық басқармаларымен және балық қорына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімдері жұмылдырылған.
«Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде 97 дерек балық аулау ережесін бұзу болса, 1 дерек балық өнімдерін сату, ал қалған 4 дерек балық өнімдерін тасымалдау болып отыр», — деді Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Нұрлыбек Утениязов.
Профилактикалық іс-шара барысында 358 кг балық тәркіленген. Оның ішінде 134 кг бекіре тұқымдас балық болса, 74 балық аулау құралы алынды. Әкімшілік түрде жауапкершілікке 97 адам тартылған.