CaspianLife, 16 қыркүйек — Венгриялық инвесторлар Атырауда қуаттылығы 100 МВт болатын күн паркін салуды ұсынды. Бұл ұсынысты шетелдік кәсіпкер, венгриялық Globalia компаниясының директоры Габора Шаги облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесу кезінде айтты. Инвестордың айтуынша, бұл жоба Атырауды экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қаланы электр энергиясымен үздіксіз жабдықтаудың бір жолы – сутегі генераторы. Оны өндіруге қажетті энергияны күн саябақтары немесе жел электр станциялары арқылы алуға болады. Электролиз кезінде алынған сутегі газын шағын электр құрылғыларына, автобустарға, автомобильдерге және тіпті үлкен электр қондырғыларына қуат беру үшін пайдалана аламыз. Сонымен қатар сутегі генераторы жанар-жағармай генераторларына қарағанда ұзақ жұмыс істейді», — дейді компания директоры.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов бұл жобаның өңір үшін қажет екенін айтты. Оның сөзінше, облысқа қарасты кей аудандар электр желісін көршілес Ресейден алып отыр. Сондықтан, қажетті су көзін «Сасықсай» булану алаңынан алуды ұсынды.
«Оларды өз балансымызға алу үшін бірнеше шақырым желі тартып, бекет орнатқанша, сіз ұсынған жобаға сәйкес 20 мВаттық индустриялық саябақ салған әлдеқайда тиімдірек», — деді облыс әкімі.
Жалпы 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында Атырау облысының Венгриямен ішкі тауар айналымы 900 мың АҚШ долларына жуықтаған. Оның ішінде экспорт көлемі – 440 мың, импорт – 454 мың АҚШ долларына жетіпті.