CaspianLife, 5 қыркүйек — Биылғы оқу жылында Атырау қаласындағы 11 мектептің оқушысы үш ауысыммен білім алады.
Солардың бірі Жұмекен Нәжімеденов атындағы орта мектеп. 624 адамға арналған білім ордасында қазір 2000-ға жуық бала оқиды. Үшінші ауысымда оқитын бастауыш сынып оқушылары мектептен кеш батқанда бір-ақ шығады. Балаларының қауіпісіздігіне алаңдаған әрі мектеп жетіспеушілігі мәселесінің әлі күнге дейін шешілмегеніне наразы болған ата-аналар білім ордасына жиналды.
«Біз үш ауысымдағы оқу жүйесіне қарсымыз. Сабақты дүйсенбі мен сенбінің арасына бөліп тастаған, неге оларды жинақтамасқа? Өткен жылы мектепте 6 бірінші сынып болса, биыл 9 сынып ашылған. Қосымша ғимарат жоқ. Мектептегі 33 кабинетте 39 сынып білім алып жатыр», — дейді ата-аналардың бірі Айжан Елшібаева.
Жапақ Қаражігітов атындағы орта мектепте де жағдай мәз емес. Оқушылардың ата-аналары мектептің үш ауысым мен алты күндікке өткені туралы алғашқы қоңыраудан кейін бір-ақ біліпті. Мектеп директоры бұл өзгерістерді бала санының көптігі, ұстаздардар мен кабинет санының аздығымен түсіндірген. Сол себепті кейбір сыныптар енді түскі үштен бастап кешкі сегізге дейін оқиды.
Атырау облыстық білім басқармасы басшысының сөзінше, бұл мәселені тек жаңа мектептер ашып қана шешуге болады. Ал білім ордалары салынғанша, үш ауысымда, алты күн оқып, амалдай тұруға тура келеді. Бес күндік оқуға тек бірінші сыныптағылар ауыса алады. Ата аналар болса сенбі күнгі сабақты онлайн өткізуді ұсынып отыр.