CaspianLife, 2 қыркүйек — Атырау облысында 1 қыркүйектен бастап суға түсу маусымы жабылды. 3 ай ішінде 4 адам суға кетсе, олардың екеуі кәмелетке толмаған.
Өткен жылмен салыстырғанда судағы қайғылы жағдайлардың саны 3 есе азайыпты. Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға қатысты 149 әкімшілік хаттама толтырылып, 732 мың тг астам айыппұл салынған.
Құтқарушылар маусымның жабылғанына қарамастан, суға түсетіндерді анықтау мақсатында рейд жұмыстарын жалғастырады. Олар «Әсіресе мектеп жасындағы балалардың қауіпсіздігін қадағалау маңызды,- дейді
«Ереже сақталмаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412 бабына сәйкес жасөспірімнің ата-анасына, қамқоршысына немесе заң бұзған ересек адамға 7 АЕК көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған», — дейді қалалық ТЖБ бастығының орынбасары Магомет Ахриев.
Атырау қаласында суға шомылу үшін арнайы жабдықталған 3 жағажай бар. Олардың әрқайсысында демалушылардың қауіпсіздігін 3 құтқарушы қамтамасыз етеді. Ал келесі шомылу маусымында қала төңірегінде суға түсуге жабдықталған айдындардың санын көбейтіп, әр ауылдық округте жағажай ашу жоспарланған. Жобаларды іске асыру үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген соң құтқарушылар қосымша жағажайларды дайындау жұмыстарын бастайды.