CaspianLife, 17 тамыз — Атыраудағы Нұрсая және Самал ықшам ауданжарындағы жарық мәселесі 2023 жылға қарай толықтай шешіледі деп мәлімдеді Атырау тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әлібек Мұханбеталиев.
Бұған дейін аталмыш шағын аудандардың тұрғындары жарықтын жиі сөнетінін айтып, шағымданған болатын. Әлібек Мұханбеталиев электр жарығы жер асты кабельдері тозып кеткендіктен сөне беретінін айтты. Оған себеп жер асты суларының тұзды болуы. Дегенмен, мамандар бұл мәселенің шешімін тапқандарын айтады.
«Қазір жобасын жасап жатырмыз. Оған жаңадан шыққан «сшитый полиэтиленді» қостық. Егер бұл жұмыстарды 2023 жылға дейін аяқтасақ, Нұрсая мен Самал ықшам аудандарындағы жарық мәселесі толықтай шешіледі», — деді Мұханбеталиев.
Сондай-ақ, қаладағы 40 нүктеде орналасқан трансофрматорларға ұзын ток желілерінің қосылуы сияқты мәселелерден құрылғының барлық үйге күші жетпейтінін де айтты. Сондықтан әкімдік тарапынан қосымша 40 трансформатор сатып алынды.
Одан бөлек, жеке үйлердегі жарықтың сөну мәселесін де тілге тиек етті.
«Бұл жеке сол үйдің мәселесі. 04-нші ток желісін өзіне тартып алады да, себепсіз сөніп қалса бірден көршілерінен көреді. Адам ток үшін қаражатын аямау керек. Егер қалың токты орнататын болса, мұндай проблемалар болмайды», — деді Әлібек Мұханбеталиев.