CaspianLife, 15 қыркүйек – Атыраудағы орталық көпірді жөндеуден өткізу үшін 3 рет тендер жарияланғанымен, оған ешқандай мердігер мекеме қатысқан жоқ дейді қала әкімі Мейірім Қалауи.
Шаһар басшысы жергілікті телеарнаға берген сұхбатында орталық көпірдің жөндеу жұмыстарына байланысты жабылатыны туралы хабарламаның жалған екенін айтты. Оның сөзінше, жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер мекемені анықтауда қиындықтар бар.
«Жалпы көпірді жөндейтін, салатын Қазақстанда мекемелер саусақпен санарлық. Оларға ұсыныс бойынша хабарласып, не үшін байқауға қатыспағандарын сұрадық», — дейді қала әкімі.
Тиісінше, мердігер компаниялар берілген жобада кейбір техникалық мәселелер көрсетілмегенін және белгіленген қаражаттың аз екенін айтқан. Сондықтан, әкімдік жобаны өзгертетін болады.
Алайда, жобаны қайта жасақтамас бұрын көпір астындағы құбырды ауыстыру және кеңейту жұмыстарын жасап, инженерлік бағаналардың жай-күйін анықтау қажет.
Жоба қайта дайын болған соң келесі жылдың наурызында көпірді жөндеуден өткізетін боламыз дейді қала әкімі.