CaspianLife, 28 шілде – ҰБТ-дан жоғары балл жинаған атыраулық Ризабек Алпамыс Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) университетіне оқуға түсті деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Ризабек — «Білім-Инновация» лицей-интернатының түлегі. ҰБТ-дан 132 балл жинап, Оңтүстік Кореяның екі алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университеті мен Гонконгтағы ғылым және технологиялар университетінен шақырту алған.
Түлек 2021 жылы Еуропалық физика олимпиадасынан күміс медаль, биыл Азия олимпиадасынан қола медальді қанжығасына байлаған. 2021-2022 жылдары халықаралық физика олимпиадасынан екі дүркін күміс медаль иегері атанды. Биыл О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиададан да алтын медаль иемденген.
Ulsan National Institute of Science and Technology оқу ордасы білім деңгейі бойынша әлемдегі ең мықты 200 университеттің қатарына кіреді. Енді бұл университетте Ризабек Алпамыспен қатар халықаралық додаларда оза шауып жүрген Нұрдаулет Хаженов, Әділ Султанов, Әділет Зауытхан есімді атыраулық түлектер де білім алады. Дүниежүзі бойынша небары 15 түлекке берілетін гранттың төртеуін атыраулықтар иеленіп отыр.