CaspianLife, 14 шілде — Атырауда 1000-нан аса қой өртеніп кетті. Куәгерлердің сөзінше, өрт Ресей Федерациясының территориясында басталып, Атырау облысына таралған.
«Үйге жақындағанымда жел көтерілді де от тез тарап кетті. Үйде балаларым бар еді, өзім әрең жүгіріп жеттім. Айналадағы барлық шөп жанып кетті. Салдарынан 1039 бас қой тірідей өртенді, олардың ішінде менің де малым бар еді», — деді шопан.
Өртенген қойлар «Сүйіндік» қой зауытына тиесілі еді. Құрманғазы ауданындағы ТЖД бөлімі құрғақ шөптің жанып кеткенін мәлімдеді. Тілсіз жау Астрахань облысына таралған. Оны 4 техниканың көмегімен 30 адам сөндірді.