CaspianLife, 5 шілде — Атырау – Астрахань автожолының 824-833 шақырым арасы көлік қозғалысы үшін ашылды, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау – РФ шекарасы (Астрахань) автожолының Атырау облысына қарасты учаскесінің ұзындығы 217 шақырымды құрайды. Тасжол 4 учаскеге бөлінген. Оның алғашқы (824-833 шақырым арасы) 9 шақырым құрайтын бөлігінің төменгі қабат жабындысы арқылы көлік қозғалысына рұқсат берілді.
Жол төсемінің ені — 9 метр, қалыңдығы — 57 сантиметр. Жоба аясында 220 маман мен 163 арнайы техника жұмылдырылды.
Сондай-ақ, жолдың бойында орналасқан елді мекендердің тұсына мал өтетін өткелдер мен автобус аялдамалары, көлік тұрағымен қоса көпірлер салынады деп жоспарланған.
Еске сала кетейік, Республикалық маңызға ие «Атырау-Астрахань» тас жолы бойынша қайта жаңғырту жұмыстары 2018 жылы басталды. 2023 жылы толықтай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.