CaspianLife, 29 шілде. Жыл басынан бері Атырау облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1477 азаматтан өтініш түскен. Оның 788-і бойынша тұтынушылардың мәселесі оң шешімін тапса, тағы 419 шағым бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Департамент мамандарының мәліметінше, тұрғындардың басым бөлігі өз құқықтарын толық білмейді. Әсіресе, алдын ала төлемге қатысты дау-дамайлар жиі кездеседі.
Облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлайхан Нұрсұлтанованың сөзінше, егер қызмет көрсетілмесе немесе тауар берілмесе, тұтынушы шартты бұзып, алдын ала төлеген қаражатын толық қайтаруды талап етуге құқылы.
Мұндай жағдайлардың бірі маусым айында Атырау қаласында тіркелген. Тұрғын мерекелік кешке көйлек жалға алу үшін алдын ала аванс төлеген. Алайда іс-шара өтпей қалып, қызмет көрсетілмегеніне қарамастан кәсіпкер ақшаны қайтарудан бас тартқан.
Осыдан кейін тұтынушы департаментке жүгінген. Мамандар кәсіпкерге наразылық хат жолдауға кеңес берген. Нәтижесінде кәсіпкер шартты бұзып, тұтынушыға алдын ала төленген қаражатты толық қайтарған.
Мамандардың дерегіне сәйкес, алдын ала төлемге қатысты даулардың 90 пайызы наразылық хат арқылы шешіледі. Ол үшін тұтынушы кәсіпкерге жазбаша талап жолдауы қажет. Егер кәсіпкер 10 күн ішінде жауап бермесе немесе талапты орындаудан бас тартса, барлық дәлелдерді қоса тіркеп, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуге болады.
(Дереккөз: Caspian News телеарнасы)

