CaspianLife, 4 шілде — Атырауда жыл басынан бері 10 адам суға кетті. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Арыстанбек Түменов мәлімдеді.
Шомылу маусымында, яғни 1 маусымнан бастап облыста 3 адам қаза тапты, оның ішінде екеуі бала. Өткен жылдың осы кезеңінде 9 адам суға кетіп, қаза болса, оның ішінде біреуі кәмелетке толмаған адам. Статистика бойынша өткен жылмен салыстырғанда оқыс оқиғаның 66,6%-ға азайған.
«Облыстың су айдындарында адам өлімін болдырмау мақсатында ТЖД полиция қызметкерлерімен және әкімдік өкілдерімен бірлесіп, күнделікті үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Оған 273 адам, 44 бірлік автокөлік және жүзу құралдары қатыстырылуда. Өлімнің негізгі себептері — ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы және балалардың ересектердің қарауынсыз өз бетімен шомылуы», — деді Түменов.
Оның айтуынша, Атырау қаласы, Жылыой және Құрманғазы аудандарындағы үш судан құтқару станцияларында орналасқан Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері тәулік бойы кезекшілікті жүзеге асырады.
Ал, биыл облыс бойынша 238 жерге шомылуға тыйым салынған. Сондай-ақ, шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған орындар 2-ГАЖ электрондық картасының қосымшасында көрсетіледі.
Айта кетейік, былтыр 28 адам, оның ішінде 10 бала қаза тапқан. Сол уақыт ішінде ТЖД күшімен 4 адам, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған жасөпірім құтқарылған.