CaspianLife, 23 маусым — Атырау облысында 2007 жылдан бері тамақтан уланудың 13 жағдайы тіркеліп, 938 адам зардап шеккен. Тек 1 жағдайда ғана қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары және қоғамдық тамақтану орындары мен дүңгіршектердің иелері арасында өткен семинар барысында айтылды.
Эпидемиологтар жаппай тамақтан уланудың басты себептері – кәсіпкерлердің азық-түліктің сапасына мән бермеуі мен тұтынушылардың арзан асқа әуестігі дейді. Соңғы кездері болған тамақтан улану фактілерінен кейін жүргізілген тексеріс барысында кәсіпкерлердің құжаттары жоқ, санитарлық талаптар мен жұмысшылардың гигиена ережесі сақталмаған, асханалардың қажетті техникамен жабдықталмағаны анықталыпты. Кейбір кәсіпкерлер мұздатылған өнімдерді күннің көзіне ерітуді әдетке айналдырған.
«Шикізаттың басым бөлігі ет. Оларға дефростация міндетті түрде жасалуы қажет. Қазіргідей уақытта сатып алған өнімді күннің ыссылғына ерітіп, ары қарай халыққа сатуға тыйым салынады», — деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Бақытбек Хамза.
Жиынға қатысқан қалалық прокуратура қызметкерлері микрокәсіп иелерінің көпшілігі мораторийге сеніп, еркінсіп кеткен дейді. Олар санитарлық талаптарды сақтамаудың кесірінен адам зардап шегетін болса – қылмыстық жауапкершіліктің бар екенін жиналғандардың есіне салды.
«Осындай фактілер болған жағдайда Қылмыстық Кодекстің 304 бабына сәйкес, 1 бөлігімен екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделуі мүмкін. Егер адам өліміне алып келетін болса – онда 5 жылға дейін бас бостандығы шектеледі. Екі не одан да көп адам уланатын болса — 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», — деді қалалық проуратурасының бөлім бастығы Ерлан Какиев.
Ал кәсіпкерлер болса эпидемиологтардан санитарлық талаптарды сақтау жөнінде консультация жүргізіп, бар ақпаратты бір платформада жинақтауды сұрады. Қалада қазір 300-ге жуық шағын қоғамдық тамақтану объектісі мен дүңгіршек бар. Бұл тек ресми тіркелгендері ғана. Ал құжатсыз жұмысын дөңгелетіп отырғандардың санын анықтау әзірге мүмкін емес.