CaspianLife, 15 маусым — Атырауда жыл басынан бері 112 адамды бұралқы иттер қапқан. Зардап шеккендердің 70-і кәмелет жасына жетпегендер. Прокурорлар тұрғындарды ит қабу дерегінің азаймауына – оларды аулайтын мекемелер жұмысының тиімсіздігі мен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның дұрыс орындалмауы себеп дейді.
«Мемлекеттік бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінгеніне қарамастан, қала аумағында бұралқы иттердің саны күрт көбейіп кетті. Бұл қоғамға қауіп төндіргендіктен, қала прокуратурасы тиісті қадағалау актісін енгізіп, мобильді топтар құрылды. Біз ата-аналарға ескертетініміз, қоғамдық жерлерде балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар», — дейді жергілікті прокуратура өкілі Ерлан Какиев.
Қалалық прокуратура қызметкерлері бұған дейін қаңғыбас иттерді атумен айналысатын кәсіпкерлердің атылмаған 311 итті тізімге қосып, жалған құжат тапсырып, бюджеттен артық ақша алғандығын анықтапты. Енді мұндай іс-әрекеттерге жол бермес үшін мобильдік топтар ит атушылардың жұмысын бақылауға алмақ.