CaspianLife, 15 маусым — Атырау қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Темірлан Әубәкіров аймақтағы масаны улау жұмыстары не үшін кеш басталғанын түсіндірді. Оның айтуынша мердігер мамыр айында анықталған.
«Салыстыратын болсақ, 2021 жылы байқау жеңімпазы наурыз айында анықталды, ал 27 наурызда өңдеу жұмыстары басталды. Масалардың дернәсілдері жойылды. Ал биылғы жылы тендердің ұзаққа созылуына байланысты өңдеу жұмыстары мамыр айында ғана басталды – жоспарланған уақыттан бір жарым ай кешігіп, маса көбейіп кеткен», — дейді Әубәкіров.
Одан бөлек, көктемде ылғалдың көп болуы мен өзен суының толуы да масалардың көбеюіне әсер еткен.
Сондай-ақ, Атырауға масалармен күресу үшін Алматыдағы Генетика және физиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды. Жуырда биология ғылымының кандидаты Мұхтар Байжанов келеді деп күтілуде. Ол қаладағы жағдайды зерттеп, күресу үшін тиімді ұсыныстарын айтатын болады.