CaspianLife, 18 мамыр — Мектептерде QR коды бар арнайы тақтайшалар орнатылуда. Ол арқылы ата-аналар да құқық бұзушылық туралы хабарлай алады.
Кодты сканерлегенде балалардың құқығын қорғайтын Bala Qorgau веб-сайтына сілтеме алады, сол жерде өзіне қажетті сұрақтарға жауап табады. Сондай-ақ, оқушылар мен ата-аналар жасырын түрде көмек сұрап, мектептегі заңсыздық туралы хабарлай алады.
QR код тақтайшалары Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы бірнеше мектептерде бар. Алдағы уақытта басқа да білім беру ұйымдарына орнатылатын болады.
Сайтқа 100-ден астам хабарлама келген. Көбіне ата-ана мен бала қарым-қатынасы жайында болды.
«Bala Qorgau» сайты мектеп оқушыларына әрқашан көмек пен қолдау сұрауына мүмкіндік береді. Балалар түрлі жағдайда өздерін қалай ұстау керегін, өздеріне немесе достарына қатысты әлімжеттік фактілерін кімге айтарын біле бермейді. Енді QR кодын сканерлеу арқылы бізбен байланыса алады және біз оларға қажетті психологиялық және консультациялық көмек беретін боламыз, — деді Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Сондай-ақ, сайттан ата-аналар да өздеріне қажетті кеңестерді таба алады. Сұрақтарды ашық және анонимді түрде қоюға мүмкіндік бар. Ол үшін сайтқа өтініш тастаса, консультанттар кері хабарласады.