CaspianLife, 29 сәуір — Ақтаудағы жаңа айлақ заңсыз салынып жатыр. Шенеуніктердің айтуынша, жасөспірімдерге арналған желкенді спорт мектебінің басшылығы пирсті рұқсатсыз салуға кіріскен. Яғни, құрылыс жұмыстарын бастауға мүмкіндік беретін келісілген құжаты жоқ. Қазір монтаждау жұмыстары түгелдей тоқтатылды. Бұл жерде осыған дейін шағын қайықтарды кәсіпкерлер жалға беріп, нәпақа тауып келген. Су инженерлерінің айтуынша, айлақты топырақпен толтыру осы жердің балшықты мекенге айналуына әсер етеді.
«Ақтау қалалық әкімдігі бақылаушы орган емес. Құрылыс жұмыстарын тексеріп, қажетті іс-шараларды қабылдау үшін экология, құрылыс, жер қатынастары салаларындағы жауапты органдарға хат жаздық», — дейді Ақтау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Абылай Бекмағанбетов.
Заңсыз құрылыс тоқтатылғанмен, кәсіпкерлер әлі күнге қыруар қаржыға сатып алған шағын кемелерін қайда қоярын білмей отыр. Егер жауаптылар бұл мәселені шешіп бере алмаса, 30-ға жуық кәсіпкер шығынға батады.
«Қазақстанның туризмін дамыту үшін үкіметтің қаражатының көмегімен алынған кемені біз іске асыра алмай жатырмыз. Өз бизнесімізді жүргізе алмай жатырмыз. Үкіметтен, әкімдіктен кез-келген пирсттен орын беруін сұраймыз. Қала маңынан, бухтың маңынан бізге жұмыс жасау керек. Табиғи орналасуы өте ыңғайлы, желден қорғайды, 70 процент желден қорғайтын дәл осы жер еді», — дейді кәсіпкер Ерлан Хасанов.
Әзірге жергілікті атқарушы органнан айлақтың тағдыры туралы шешімді күтуден басқа амал жоқ. Оған дейін қымбат яхталар мен қайықтар пайдалануға жарамсыз болып қалмаса игі.