CaspianLife, 29 сәуір — Атырау мұнай өңдеу зауыты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тұрғындардың жағымсыз иіс туралы шағымдарына жауап берді. Мекеменің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 25-28 сәуір аралағында зауыт штаттық режимде жұмыс істеген. Ал қондырғыларда төтенше жағдай тіркелмеді. Қазіргі уақытта «Tazalyq» жобасы аясында булану алқаптарында рекультивация жұмыстары жүріп жатыр.
«1945 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кен орны көрсетілген аймаққа қалалық кәріз суы мен АМӨЗ және ЖЭС-ның нормативті-тазартылған суын ағызып келеді. Көрсетілген күндердегі желдің бағытын ескерсек, булану алқабы жағымсыз иістің себебі болуы мүмкін. АМӨЗ қала тұрғындарының алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, өз бетінше тексеру жұмыстарын бастады. Тергеу нәтижелерін кейін хабрлайтын боламыз», — делінген зауыт хабарламасында.
Сондай-ақ, «Tazalyq» жобасы аясында Атырау мұнай өңдеу зауытында жаңа механикалық тазарту қондырғыларын орнату жұмыстары жүріп жатқанын алға тартты. 2023 жылдың қарашасында құрылыс аяқталысымен ауаның ластану деңгейі азаяды деп күтілуде.