CaspianLife, 12 сәуір — Намысына тиетін сөздер жазамын деп қамауға алынды. Индер аудандық сотында 45 жастағы азамат әкімшілік құқық бұзушылыққа жататын іс әрекетіне байланысты жауапқа тартылды.
Ол азаматтық некеде болған бұрынғы әйелінің әлеуметтік желідегі парақшасында оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөз қалдырып, жала жапқан. Ал келіншек аудандық сотқа экс-жұбайының үстінен арыз түсіріпті. Жаман сөз жазуға құмар азамат сот отырысы кезінде өзінің тарапынан қателік кеткенін мойындап, кешірім сұрауға мәжбүр болды. Ал оның кінәсі лингвистикалық ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы дәлелденіпті.
Сот барысында анықталғандай аталған азамат өзінің ұялы телефоны арқылы коммуникациялық желілерді пайдалана отырып жалған жала жабу азаматтық абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін оның беделін түсіруге көрнеу жалған мәлімет таратқан аталған тұлға сот отырысында өзінің кінәсін толығымен мойындап әрі жалған әрекетіне өкінетіндігін айтып көрсетті. Анықталған мән жайлар бойынша сот аталған тұлғаға 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасын қолданды, — деді Индер аудандық сотының төрағасы Жанат Хабаров.