CaspianLife, 1 сәуір — Атырауда төрт көліктен денесін шығарғандарға айыппұл салынды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл дерек 30 наурызда сағат 18:30 шамасында тіркелген.
«Атырау қаласындағы Құрманғазы көшесі мен Сәтбаев-Ерниязов көшелерінің қиылысында «Toyota Camry 40», «LADA Vesta», «Toyota Camry 50» және «LADA Granta» автокөліктері жол жүрісі қағидасын бұзған. Көлік құралының қозғалысы кезінде жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпай, терезесінен және люктен денесін шығарған. Жүргізушілер жолдың жүріс бөлігінде маневр қағидасын бұзып, апаттық жағдай тудырған. Мемлекеттік белгісі жоқ көлікті кәмелет жасқа толмаған, жүргізу құқығы жоқ күйде басқарғаны анықталды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты «Тoyota Camry 40» жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 593, 595-баптарымен, жолаушысы 615-бабының 1-бөлімімен, ал, «LADA Vesta» көлігінің жүргізушісіне 593-баптың 2-бөлігімен, жолаушысы 615-баптың 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Тoyota Camry 50» көлігінің жүргізушісі 17 жастағы жасөспірім екені анықталып, оған 612-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылды. Автокөлік иесіне 612-бабының 5-бөлігімен 153 150 теңге айыппұл салынды. Көлік арнаулы тұраққа қойылды. Ал, «LADA Granta» көлігінің жүргізушісі 590, 593, 595 және 606-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлігі арнаулы тұраққа жеткізілді. Көліктің екі жолаушысына 615-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Сондай-ақ, еліміздің мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын, Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзған екі жолаушыға қатысты 458-бабының 2-бөлігімен әкімшілік хаттама жасақталып, әрқайсысына 153 150 теңгеден айыппұл салынды.