CaspianLife, 30 наурыз — Ақтаудағы жаңадан бой көтерген 17 шағын аудан тұрғындары облыстық әкімдік алдына наразылыққа шықты. Олар үйлерінің қасынан мәйіт жууға арналған кешеннің салынуына қарсы.
Негізі мердігер компания мәйітхана емес, балалар алаңын тұрғызуы тиіс екен. Бірақ, ол жоспарын өзгертіп жіберген көрінеді. Енді тұрғындар атынан ат үркетін ғимаратты қаланың қақ ортасына салуға кімдер рұқсат бергенін білмей дал.
Кешеннен үй алдық. Сол кезде бұл жер туралы айтқан жоқ, алдап сатқандай боп отыр. Қазір үй алдынан жерді қоршап, мәйітхана салмақшы, — дейді қала тұрғыны Зулфыхар Кенжеғалиев.
Бұл мәселе бойынша мердігер компания өкілдері жауап беруден бірден бас тартты. Есесіне халыққа қалалық әкімдіктегілер басу айтты.
Әкім орынбасарымен сөйлестік, детская площадка салынады. Парковка орнында болады. Протоколды сағ 3-те алаңыздар, — дейді Ақтау қалалық жер қатынастары, құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы Ерлан Сәркенов.
Тұрғындар осымен сөзге тоқтағандай болды. Бірақ, жеті қабатты тұрғын үй кешені тұрғындарының аманатын арқалап келген бір топ азамат құрылыс орнын жіті бақылайтындықтарын ескертіп кетті. Егер мердігер құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғасыра берсе, қайта наразылыққа шығуға дайынбыз дейді.