CaspianLife, 2 наурыз — Кеше Атырау облысының Жылыой ауданында Құлсары қаласынан 90 шақырым жерде Теңіз кен орны аумағындағы «NASAR SOLUTIONS» ЖШС аумағында шыққан өрт 2800 шаршы метрге дейін тараған.
«Жақын жерде орналасқан ашық контейнерлерде, металл бөшкелерде және пластик ыдыстарда жалпы ауданы шамамен 2800 шаршы метрді құрайтын сұйық жанғыш қалдықтар тұтанған. Өрт салдарынан жүк көтергіш (Car) жанып кетті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», — деп хабарлады Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге Теңіз кен орнының Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің 17 қызметкері мен 4 техникасы, «COCR» ЖШС-нің 6 қызметкері мен 2 техникасы, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.