CaspianLife, 25 ақпан — Ақтауда екі жылдан бері газсыз отырған тұрғындар шу шығарды. Мердігер мекеме пәтер аларда газ болады деп уәде берген. Бірақ одан бері екі жыл өтсе де, халық электрпешін қолдануға мәжбүр.
Шыдамы таусылғандар құрылыс компаниясының алдына барып мәселенің тезірек шешілуін талап етті. Ал үйді салған компания 10 қабаттан жоғары нысандарға газ құбыры тартылмайды деп отыр.
Тұрғындардың айтуынша, үйді салып жатқанда құрылыс компаниясы құбыр жүргізіп, тұрғындар толық қоныстанған соң газ беріледі деп сендірген. Алайда берген уәдесін сол күйі орындамаған.
«Біздің үйге газ құбырын қондырды. Кәдімгідей үйдің ішінде, пәтердің ішінде бәрі тұр. Басында 70-80 пайыз қоныстану керек деген. Қазір 100 пайыз қоныстанған. Бәріміз электрпешін қолданып отырмыз», — деді Ақтау қаласының тұрғыны Болат Омаров.
Газдың жоқтығынан тұрғындар электрпешін қолдануға мәжбүр. Алайда жарықтың бағасы қымбат дейді. Сондықтан газ берілсе, шығынымыз азаяр еді деп отыр. Ал құрылыс компаниясы пәтерлерге газ беруді сұрап жауапты компанияға хат жазыпты. Алайда 11 қабатты үйлерге газ жүргізілмеуі керек деген заң шығып, уәдені орындай алмадық деп отыр.
«Біз үй салып бітеміз дегенше үкімет заңы өзгеріп кетті. Шектеу қойды. 11 қабатты үйге газ берілмейтін болды. Бірақ жүргізіп қойдық. Мен заң шығармаймын. Газдың краны менде жоқ. Тағы да хат жаздық. Техжағдайы бізге алыстағы қосылу тетігін жақындатып, үйдің қасындағы құбырдан беріңіз деген хатымыз бар. Жауабын әлі алған жоқпыз», — деді құрылыс компаниясының өкілі Бекболат Үсен.
Ал «ҚазТрансГазАймақтағылар» 11 қабатты үйге заң бойынша газ жүргізе алмаймыз деп отыр. Ашынған тұрғындар құзырлы органдардың есігін қақпақшы. Уәдені орындамаған компанияның үстінен арыз жазуға бекініп отыр.