CaspianLife, 8 ақпан — 2021 жылы Маңғыстау облысында 62 ұжымдық еңбек дауы тіркелді. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.
«Жоғары тәуекелдер еңбек саласында байқалады. 2021 жылы 62 ұжымдық еңбек дауы тіркелді, оның 24-і 3 сағаттан астам жұмысты тоқтатты. Басты талаптары — жалақыны арттыру. Бұл «ҚазМұнайГаз» компаниясының еншілес ұйымдары мен сервистік қызмет көрсететін жеке мердігерлік компаниялар қызметкерлерінің жалақысында айырмашылықтардың болуына, сондай-ақ қызметтер үшін әртүрлі тарифтерге байланысты», — деді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Өңір басшысының айтуынша, бұдан басқа, бірқатар компания жалақыны арттыру және әлеуметтік пакетті жақсарту мақсатында мекемелерін мемлекет қарамағына өткізу туралы талаптарды көтеріп келеді.
«Сонымен қатар, бірқатар компанияларда жалақыны уақтылы төлемеу, жалақыны және әлеуметтік пакетті арттыруға қатысты проблемалар бар. Бүгінге облыстағы компаниялар штаттық режимде жұмыс жасауда, еңбек дауы мәселесі әкімдіктің тұрақты бақылауында. Әкімдік еңбек дауы мәселелері бойынша Үкімет пен «ҚазМұнайГаз» компаниясы және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп шешімдер қабылдауда. Жалпы әлеуметтік әріптестік бойынша өңірде үшжақты комиссия жұмыс жасайды. Әкімдік мекемелермен бірлесіп мәселелерді осы комиссияда қарастырып келеді», — деді Нұрлан Ноғаев.