CaspianLife, 4 ақпан — Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған.
«Облыс әкімінің орынбасары 83,7 млн теңге көлеміндегі инвестициялық субсидияны «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікке ілініп отыр. Қайрат Нұрлыбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде (аталған лауазымға ол 2019 жылғы 5 маусымда тағайындалған), яғни 2019 жылдың 26 маусымы мен 4 желтоқсаны аралығында инвестициялық субсидия келісімшартын жасаған және инвестициялық субсидияны төлеген. «Бұйырғын» кооперативі 83,7 млн теңге көлеміндегі борышты толықтай орнына келтірді» деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Былтырғы қаңтардан бері облыс әкімінің орынбасары лауазымын атқаратын Қайрат Нұрлыбаевқа қатысты қылмыстық істі қарау Атырау қалалық №2 сотта жалғасып жатыр.
«Басты сот талқылауы былтырғы 23 желтоқсанда басталды. Содан бері 5 рет сот отырысы өтті. Қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен қаралып жатыр», -деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметінен.