CaspianLife, 21 желтоқсан — Атырау облысында тағы бір азамат өз бауырын өлтіріп, мүрдесін ауласындағы шұңқырға көміп тастаған.
Индербор кентінде үш ай бұрын болған оқиға марқұмның отбасын ғана емес, күдіктінің көршілерін де есеңгіретіп тастапты. Бұрын полиция қызметкері болып жұмыс жасаған азаматтың мұндай әрекетке барғанына ауылдастары әлі сене алар емес.
Жеңістің жамандығын көрген жоқпын ешқандай. Майор болып жұмыс жасады. Отставкіге шықты. Сондай жағдайға барады деп ойлаған жоқпыз. Көрші болғасын жанымыз ашып айтамыз, — дейді марқұмның көршісі Гүлшат Жантасова.
Ресми емес дереккөзге сүйенсек, ағалы-інілі екеуі әуелі ішімдік ішіп, кейін соңы дауға ұласқан. Марқұмның ұлдары ағасының қылмысты абайсызда жасағанына сенімді.
Ағамның ешқандай кінасі жоқ. Оқыс болған жағдай. Әлі тергеу жүріп жатыр. Ағама ешқандай кіна тақпаймын. Өз әкемді жақсы білемін ғой. Өз ажалы келді. Ағама еш кіна тақпаймын. Ол таза, — дейді марқұмның ұлы Рауан Қаракешев.
Қазір 65 жастағы азаматтың өліміне қатысты тергеу-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы орындар қылмыстық кодекстің тиісті бабын желеу етіп, өзге ақпараттарды жария етуден бас тартып отыр.