CaspianLife, 3 қараша – Атырау облысының Азаматтық альянсы маусым айынан бастап ұйымдастырған «Екпе ал да, ақшалай сыйлыққа ие бол» акциясы кеше аяқталды.
Жалпы жүлде қоры 40 млн тг болған шара аясында 108 адам түрлі сомадағы сертификатқа ие болған. Қорытынды ұтысқа 10 млн тігіліп, тиісінше 10 атыраулық 1 млн тг-нің иегері атанды.
Телефон соққанда бізде сеть болмады. Сосын артынан жұмыстас келіншегім соғып айтты, «телефоныңды көтер, саған соғып жатыр» деді. Содан көтердім, қуанышымда шек болмай, рас па, өтірік пе тіпті. Сенерімді де, сенбесімді де білмей, қуанғанымнан тіпті жыларман болдым ғой, не айтайын,-деп қуанышымен бөлісті жеңімпаздардың бірі Гүлназ Жұмажанова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздардың көбі телефон шалып, сүйінші сұрағанда бірден күдіктеніп, жауаптан қашқақтайтын көрінеді.
Өйткені олардың түсіндіруі бойынша, көп адамдар қазір алаяқтар, әсіресе банк тарапынан «сіз осындай ұтысқа ие болдыңыз» деген алаяқтарға көп жолыққан екен. Сондықтан оларда осындай сенімсіздік бар,-дейді «Азаматтық Альянс»ҮЕҰ-ның атқарушы директоры Данагүл Жайлаубаева.
5 айға жалғасқан акцияның мақсаты – өңірде коронавирус инфекциясының таралуын тоқтатып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру және халыққа әлеуметтік қолдау көрсету. Соңғы мәлімттерге сәйкес, осы жылдың ақпан және қазан айлары аралығында 239 мыңнан астам атыраулық екпе алып үлгерген.