CaspianLife, 29 қыркүйек — Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Жамбыл облысының әкімдігі, банктер және басқа да қаржы ұйымдары Байзақ ауданында оқ-дәрілердің жарылысы кезінде қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларының атындағы 47 несиені толығымен есептен шығарды. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ӨКҚ брифингінде мәлімдеді.
«Біздің банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жұмысымыз өз нәтижесін берді. Төтенше оқиға нәтижесінде қаза тапқан қарыз алушылар мен олардың жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару туралы бірыңғай шешім шығарылды. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша қарыз толық өтелді», – деді Сапарбаев.
Ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қаза тапқандардың отбасыларына 10 миллион теңгеден бөлгенін атап өтті. Сондай-ақ, әрбір отбасына жергілікті әкімдік қаражатынан 5 миллион теңге аударылыпты.
«Біз бұл мақсатқа 85 миллион теңге бөлдік. Бұл қаражаттың барлығы төтенше жағдай кезінде қаза тапқан азаматтарымыздың шоттарына толық көлемде аударылды», – деді әкім.
Оның айтуынша, төтенше оқиға нәтижесінде 176 нысанға залал келтірілген. Келтірілген залалды бағалауды әкімдік құрылыс басқармасының, Қазақ Құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының, жобалау ұйымдарының қызметкерлерінен және төтенше жағдайлар саласындағы мамандардан тұратын арнайы комиссия жүргізген. Қазіргі уақытта демеушілік көмек есебінен 4,8 миллион теңге сомасына 76 нысан қалпына келтірілді. Нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ аудандық әскери бөлімінің оқ-дәрі қоймасында жарылыс болды. Нәтижесінде 17 адам қаза тапты. Оның ішінде азаматтық қорғау органдарының 10 қызметкері, Қорғаныс министрлігінің алты әскери қызметшісі және бір әскери прокурор бар. Жоғалған бір адамды іздеу жалғасуда.