CaspianLife, 9 қыркүйек — Атыраулық Ілияс Үсенов мүмкіндігім шектеулі деп мойымаған жан. Ол тура 7 жыл бұрын жазатайым оқиғадан соң арбаға таңылса да, асқақ армандарынан қол үзбепті. Қайта 2-3 жыл ем қабылдаған соң мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіпкерлікке бет бұрған.
Алғашында кеңсе тауарлары дүкенін, биыл ерлер мен балаларға арналған киім дүкенін ашты.
«Бүгінде балаларға және ерлерге арналған киім дүкенін аштым. Тамыз айында ғана ашылды. Бұл кәсібімді үлкейтемін деген де жоспар бар. Жұмыс жасаймын, өзімді дамытамын деген адамдарға мүмкіндік көп. Ұмтылыу керек, іздену керек. Мен аяққа тұрсам бұдан да үлкен жетістікке жетем деп ойлаймын», — дейді Ілияс.
Ол осы уақытқа дейін бірнеше кәсіптің басын шалған. 2018 жылы «Сенім» оңалту орталығын ашып, кейін ол карантинге байланысты жұмысын тоқтатты. Тіпті үстел теннисімен де айналысып көріпті. Сан салада өзін сынап көрген ол жетістікке жетсем ол — үнемі қолдау көрсетіп, демеп отыратын отбасымның арқасы дейді.
Саулығын сылтау етпей, еңбекпен адал нанын тауып отырған азамат кәсібін одан әрі дөңгелетпек. Ал іс бастаудың жолын білмей жүрген жастарға жөн сілтеп, білгеніммен бөлісуге әрдайым әзірмін дейді Ілияс.