CaspianLife, 31 тамыз — Маңғыстау облысындағы «Си Бу» ИКБ ЖШС кәсіпорнында татуластыру комиссиясының жұмысы аяқталды, деп хабарлайды Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі.
Осы жылдың қаңтар айында бұрғылау компаниясының қызметкерлері мереке күндері жалақы мен сыйлықақы төлемдерін 70 АЕК-ке, сондай-ақ, жұмыс тоқтап қалған жағдайда жалақының 50%-ын төлеуді талап етті. Тағы бірі талап — кәсіпорынның штат санын оңтайландыру кезінде Қытай азаматтары мен басқа да шетелдік жұмысшылардың санын қысқарту.
Маңғыстау облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Шадрах Ермекбайұлы татуластыру комиссиясының жұмысына бақылаушы болды. Оның айтуынша, келіссөз жүргізу оңай болмаған.
«Келіссөздердің барлық кезеңінде Маңғыстау облысының Кәсіподақ орталығы еңбек дауы тараптары арасында консенсусқа қол жеткізу бойынша бірқатар маңызды шара қабылдады. Біздің басты міндетіміз – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және олардың әлеуметтік-экономикалық қорғалуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті ол.
Нәтижесінде, 1 қыркүйектен бастап жұмысшылардың жалақысын 25% — ға көтеру туралы шешім қабылданды, ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауықтыруға 75 АЕК (218 775 теңге) көлемінде төлем жүргізілетін болады.
«Тараптар серіктестіктің қызметкерлеріне жылдық инфляция деңгейі мөлшерінің 50% мөлшерінде штат кестесіне сәйкес есептелген сомадан жалақы мөлшерін жыл сайын арттыру туралы уағдаласты. Өз кезегінде компания қызметкерлері заңсыз ереуілдер өткізбеуге уәде берді», — делінген хабарламада.
Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, 2021 жылдан бері барлығы 50-ден астам еңбек жанжалы шешілген, оның 17-сі Маңғыстау облысында өткен.