CaspianLife, 18 тамыз — Қазақстан азаматтары осы жылдың шілде айында екінші деңгейдегі банктерден және жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен жалпы салмағы 102,6 кг болатын 2 410 алтын құйма сатып алған.
Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі хабарлады. Таратылған ақпаратта тазартылған алтын құймаларын халық үшін сату және сатып алу жөніндегі бағдарламаны Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқанын еске салады. Сол бағдарлама басталғалы жалпы салмағы 2,2 тонна болатын 60 378 алтын құйма сатылыпты.
Алтын құймалар бес сортта ұсынылған: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында ең танымалы 10 грамдық құйма. Оның жалпы сатылымнан үлесі 30% — 17 868 дана. Одан кейін 100 граммнан — 13 417 дана (22%) және 20 граммнан — 11 910 дана (20%), 5 граммнан — 9 842 дана (16%), 50 граммнан — 7 341 дана (12%). Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарламасында нақтыланғандай, құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында үлкен сұранысқа ие көрінеді.
Одан бөлек, алтын құймалары сенімді инвестициялық құрал ретінде әрекет ете алады. Алтын құймалар нарығының өтімділігін қамтамасыз етудің басты факторы — банктердің және банктік емес айырбастау пункттерінің клиентке «күнбе-күн» ақша төлей отырып, құймаларды кері сатып алу мүмкіндігі.
Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен және механикалық зақымданудан қорғайтын,сондай-ақ ораудың ашылған-ашылмағанын тексеруді жеңілдетуге мүмкіндік беретін арнайы орамда шығарылады. Қорғаныс қаптамасы да сапа сертификаты болып табылады. Осыған байланысты құйманы ұқыпты сақтау және орауды ашпау ұсынылады.
Қазіргі уақытта алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкінен, сондай-ақ жекелеген банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және кері сатуға болады.