CaspianLife, 17 тамыз — Бүгін Атырау-Дина Нұрпейісова бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы жолға шықты.Былтыр көктемде пандемияның әсерінен халықаралық пойыздар тоқтап қалған еді. Жол азабын әбден тартып жүрген құрманғазылықтардың қуанышында шек жоқ.
Өйткені жандарын шүберекке түйіп облыс орталығына таксимен әрең жететін. Енді бұл қиыншылықтар артта қалды. 1 плацкарт, 2 жалпы үлгідегі вагоннан тұратын пойыз екі ортаға күн сайын қатынайды. Плацкарттағы бір орынның бағасы 2500 теңге болса, жалпы үлгідегі вагоннан бір орын алу 960 теңге. Пойыз облыс орталығынан күндізгі 11:00 де қозғалады. Ал 18:42-де Дина Нұрпейісова бекетінен Атырауға қарай жолға шығады.
Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов те алғашқы жолаушыларға сәт сапар тілеп, вагондардың жағдайымен танысты. Жалпы облысішілік бұл пойыздың жүруіне ақтаулық Otpan Logistic ЖШС жауапты. Мекеме басшысының айтуынша, алдағы бір жылда пойыздың вагондары жаңартылады және сұраныс артқан жағдайда вагондар саны да көбейеді.
Otpan Logistic ЖШС басшысы Алтай Борашевтың сөзіне сенсек, билет бағасы қымбаттамайды. Оған қоса, халыққа қолайлы болу үшін пойыздың жүру уақыты алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Жалпы пойызды жыл соңына дейін жүргізу үшін мердігер мекемеге 114 миллион теңге бөлінген. Биыл сәуір айынан бастап көтерілген мәселе тек 4 айдан кейін оң шешімін тапты.
Айта кетейік, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер мекеменің арасындағы келісім шарт 5 жылға жасалған.