CaspianLife, 12 тамыз — Атырауда Ashyq қосымшасының көшбасшыларына түнгі 12-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді. Бірақ, көшбасшы атану үшін нысанға 2 апта ішінде мыңнан астам клиент қосымшаның көмегімен кіру керек. Ал, қосымшаның өзге қатысушылары келушілерге кешкі онға дейін қызмет көрсетеді. Бірақ, демалыс күндері барлығы жабық болады.
Мамандардың айтуынша, бұл кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында жасалған қадам. Дей тұрғанмен, олардың тарапынан келіспеушіліктер болып отыр.
«Ashyq қосымшасы аясында көтеріліп жүрген бір мәселе – чекиндеу. Мысалы, адамдар жиі баратын 100 орындық нысандар бар және қала сыртында 15 адамға арналған шағын ғана тамақтану орындары да бар. Кішкентай нысандардың көшбасшы атануға мүмкіндігі жоқтың қасы. Сондықтан, кәсіпкерлер бұл ақылға сыйымсыз шектеу, Ashyq қосымшасынан көшбасшы деген статусты алып тастау керек деген өтініш білдіруде», — дейді «Атырау облысының кәсіпкерлері және жұмыс берушілер одағы» директорының орынбасары Рафхат Бозбалиев.
Енді, сенбі күні ашық аспан астындағы базарлар мен ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланатын жәрмеңкенің жұмысына рұқсат. Бұл облыстың бас санитарының жаңа қаулысындағы тағы бір өзгеріс.
«Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін сенбі күні жәрмеңке өткізуге рұқсат бердік. Оған әкімдік арнайы қоғамдық көлік бөліп отыр. Сонымен қатар сенбіліктер өткізуге де рұқсат етілді. Яғни, арнайы кесте бойынша , 50 адамнан аспайтын қатаң алгоритм әзірленді», — деп нақтылады Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы басшысының орынбасары Әлия Бекешева.
Ал қалған шектеулер бәз баяғы қалпында қала береді. Әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау мекемелері, БАҚ, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар, адам өмірінің қауіпсіздігіне жауапты органдар демалыс күндері жұмыстарын жалғастырады. Бірақ, қалған нысандардың сенбі мен жексенбіде жұмыс істеуіне салынған тыйым әлі күшінде.